Басты жаңалықтар

Тәттіге таласқан жұрт: немесе облыста қант тапшы ма?

Соңғы кезде ел бойынша қант бағасы күрт қымбаттап кеткені белгілі. Мұның басты себебі— Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне астық пен қант экспортына уақытша тыйым салуының салдарынан болып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қанттың 58 пайызы сырттан импортталады. Елімізге қант жеткізетін негізгі екі импорттаушы мемлекет — Ресей мен Беларусь. Сауда және интеграция министрлігінің деректеріне сүйенсек, былтыр Қазақстанға шетелден 506,9 мың тонна қант пен қант шикізаты импортталған. Оның басым бөлігі Ресей Федерациясынан әкелінген.  Бразилиядан — 164,6 мың тонна, Беларусьтен — 35,5 мың тонна, Мексикадан  30,4 мың тонна қант импортталыпты. 

Күні кеше ғана Еуразиялық экономикалық комиссия қазақстандық кәсіпкерлерді қант импорттағанда БАЖ салығын төлеуден босату туралы шешім қабылдады (Жеңілдік мерзімі тамыз айының соңына дейін болады). Бұл — үлкен қолдау. Енді елімізге жаңа экспортерлер іздестіріледі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қант тапшылығы немесе қымбаттауы тамақ өнеркәсібінің кейбір секторларын, әсіресе кондитерлік өнімдердің өндірісін тұралатып, өзіндік құнын көтеріп жібереді. Осыны ескеріп, Еуразиялық экономикалық комиссия 350 мың тоннаға дейін қант пен шикі қантты БАЖ салығынсыз импорттауға мүмкіндік беріп отыр.
Импортқа тәуелділіктен арылу үшін ел Үкіметі отандық өндірісті қолдау, одан әрі дамытуды қолға алды. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өндіру тұжырымдамасын әзірлеуге кірісіп кетті. Қант саласын дамыту үшін министрлік егіс алқаптарын ұлғайтуды ынталандырмақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тұқым, тыңайтқыштар мен гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу жоспарланып отыр. Саланы технологиялық қайта жарақтандыру үшін инвестициялық субсидиялар, айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие берілмек.

Елімізде қант қызылшасын өңдейтін төрт зауыт бар. Оның екеуі — Жамбыл обылсында, екеуі Алматы облысында орналасқан. Бүгінде бұл кәсіпорындарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Жамбыл облысында тағы бір жаңа зауыттың құрылысы салынбақ.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаға сәйкес елімізде қолданыстағы қант зауыттарын жаңғырту және отандық қантпен қамтамасыз етілу деңгейін 2025 жылға қарай 80 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Айта кету керек, ел аумағынан ақ қантты және құрғақ шикі қантты әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынды. Бұл да елде қант тапшылығын болдырмау үшін жасалған оң шешім. 

Өңірдегі жағдай қалай? Қант қоры жеткілікті ме? Біз осы және қантқа қатысты басқа да сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Сонымен…

Кәсіпкерлерді тексеруге бұйрық шықты 

— Наурыздың 10-12-сінде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде: «Ақтөбе және Орал қаласларында көрші елдердің азаматтары әлеуметтік маңызы бар тауарларды қап-қап қылып сатып алуда» деген мазмұндағы әңгіме тарады. Осы ақпаратқа сеніп қалған қала тұрғындары үйлеріне қап-қап қылып қант таси бастады. Әдетте «Анвар» гипермаркетінде күн сайын көп дегенде 1 тонна қант сатылатын-ды. Ал сол жұрт дүрліккен кездерде бір күнде 10 тонна қант сатылды. Қант біздің өңірде өндірілмейді. Елімізде қант шығаратын 4 зауыт бар. Ал бұл зауыттардың қуаты еліміздің бәрін бірдей қантпен қамтуға жетпейді. Сол себепті қантты басқа елдерден имппорттауға мәжбүрміз. Әсіресе Ресейге импортқа тәуелдіміз.

Жалпы, жыл басталғалы бері Ақтөбе қаласында қанттың бағасы екі рет көтерілді. 11 наурызда «Дина» сауда желісінде  311 теңгеден 369 теңгеге дейін көтерілді, одан кейін қант 24 наурызда 423 теңгеге қымбаттады. Ал «Анвар» сауда желісінде  қант бағасы 13 наурызда 310 теңгеден 368 теңгеге көтерілді. Сәуірдің 4-і күні баға тағы шарықтап, қазір қант келісі 422 теңгеден сатылуда.

Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар тауарларға тек 15 пайыз үстемеақы қосуға ғана құқығы бар. «Анвар» мен «Дина» дүкендер желісі қанттың келісіне тек 5 пайыз ғана қосып отыр. Яғни аталған дүкендердің иелері қантты 403-404 теңгеден сатып алып, 422-423 теңгеден сатып жатыр.

Біздің өңірде қант жеткізуші үлкен компаниялар аз. Негізінен, 3 ірі компания ғана қант тасымалдаумен айналысады. Олар: «Ас-Ан», «Каис инвест», «SWEET STEP» серіктестіктері. Олар Ресей, Беларусь елдерінен және Алматы мен Жамбыл облыстарынан жеткізеді.

Біздің елімізде қант қызылшасы аз көлемде өсіріледі. Мәселенің бәрі осында болып отыр. Оның үстіне отандық зауыттар шикізатты Бразилиядан, Үндістаннан әкелуде.Геосаяси жағдайға байланысты шикізат жеткізу тіпті қиындады. Ресейге салынған қатаң санкциялардың салдарынан тура жол «кесіліп қалып», жол ұзарып кетті. Ресейдің айлақтары жабық болғандықтан, амал жоқ, ел айналып, әзер жеткізіледі. Ал бұл бағаның өсуіне әсер ететіні анық. Өйткені тура жол мен айналма жолға кететін шығын екітүрлі болады, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

«Анвар» мен «Дина» сауда желілерінде келілеп сатылып жатқан қанттан арнайы қаптарда түрілген қазақстандық қант бағасы неге қымбат?

— Бұл жерде, ең бастысы,аталған дүкендерде ел-жұрт тұтынуы үшін арзан қант бар ма? Бар. Мәселе сонда. Ал басқа қанттың бағасы «қадалып» қалатын мәселе емес.Халық сол арнайы қаптағы 3-5 келілік қымбат қантты алып жатса, өз таңдауы. Оларды бөлек-бөлек қапқа салып,сатудың де өзіндік шығындары бар.Бұл — бір. Екіншіден, әлгінде айттым, шетелден әкелінетін шикізат қымбат болғандықтан, отандық өнім де қымбаттау болады.

— Екі айда қант бағасы екі рет көтеріліп отыр. Қант тағы да қымбаттай ма?

— Бұл туралы ешкім нақты жауап айта алмайды. Бәрі нарыққа байланысты. Өндірушілер бағаны көтерсе, қант бағасы тағы да көтеріледі. Бізде болжам жасайтын арнайы мекеме жоқ.

— Өңірде қант қоры жеткілікті ме?

— Қант тапшылығы жоқ. Қант бар. Ірі сауда желілерінде толып тұр. Қоймаларда да қор жеткілікті. Жолда келе жатқан вагон-вагон қант тағы бар. Қазір «Анвар» және «Дина» сауда желілерінде шамамен 220 тонна қант қоры бар.

— Білуімізше, «Дина»сауда желісінің көтерме сауда дүкенінде ірі кәсіпорындарға тонналап сататын қант бағасының келісі 518  теңгеден екен. Неліктен?

— Халық тұтынатын бөлшек бағамен сатылып жатқан қант бағасы арзан болуы керек. Біз кәсіпкерлерге осындай талап қойып жатырмыз. Ал көтерме саудада қантты нарықтағы бағамен сата береді. Бұл жерде мәселе былай: біз кәсіпкерлерге қанттың арзан бағаға сатып алынған партиясын тек қана халыққа сатуды ұсындық. Ал кейінірек қымбаттау келген бөлігін ірі кәсіпорындарға нарықтағы бағамен сата береді.

— Әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне негізсіз үстемеақы қосып, заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер бар ма? Жалпы, дүкендерге мониторинг жүргізіліп, баға бақылауға алынды ма?

— Елімізде шағын және орта кәсіп нысандарын тексеруге мораторий жарияланғандықтан, күні кешеге дейін сауда орындарын тексеру қолбайлау болған-ды. Жақында ғана Сауда және интеграция министрлігінің арнайы бұйрығы шықты. Онда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауға болатындығы көрсетілген. Соған байланысты  рейд жүргізуді енді қолға алып жатырмыз.

Айта кету керек, біздің өңірде қанттың бағасы республикалық орташа көрсеткіштен төмен.

Қант қоры жеткілікті ме?

— Ресей қант экспорттауға тыйым салғалы бері қант біздің өңірге өзіміздің өнім өндірушілерден ғана жеткізіліп жатыр. Қазір қант қоры жеткілікті. Мұны сеніммен айта аламын. Қаңтар айында Алматыдағы қант зауытымен келісімшартқа отырып, тұрақтандыру қорына 434 тонна қант алдық.«Табыс» коммуналдық базарындағы және  әлеуметтік дүкендерімізге кәсіпкерлерге тұрақтандыру қорындағы қанттың келісі  330 теңгеден беріледі. Ал олар тиісінше осы әлеуметтік сауда орындарында қанттың келісін 363 теңгеден сатылып жатыр.Ақтөбе қаласында 17  әлеуметтік дүкен бар. Сол дүкендерде «Тұрақтандыру қорының өнімдері»деген арнайы бұрышы жасақталған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер сонда қойылады, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы Снежана Кулекенова.

— Бұл дүкендердегі арзан бағамен сатылатын қант кімдерге тиесілі? Жекелеген санат иелеріне ғана беріле ме?

— Арзан бағадағы қант халықтың әлеуметтік санатына қарамай, жалпы жұртқа сатылады. Дегенмен шектеу бар. Әр адамға 3 келіден ғана беріледі.

— Әлеуметтік дүкен иелері тұрақтандыру қорынан тәулігіне қанша көлемде қант алып сатуына мүмкіндігі бар?

— Өтініш бойынша беріледі.Қоймадан сол өтініш негізінде жеткізіледі. Өтініш таңертең қабылданады, түстен кейін, кешке дейін жеткізіліп беріледі.

Өңірде қант қоры қанша?

— Қазір қорда 424,2 тонна қант бар.  Жыл басында алынған 434 тонна қанттың жалпы 10 тоннаға жуығы сатылды. Бұл көп емес. Демек, сұраныс аз болып тұр.

Облыс бойынша ірі қоймаларда, үлкен сауда орындарында, базарларда, тұрақтандыру қорында жалпы 1003 тонна қант бар. Жекелеген кәсіпкерлердің дүкендеріндегі қант көлемі бұл есепке кірмейді. Өйткені олар осы қоймалардан сатып алады.

1003 тонна қант — бүгінгі мөлшер. Қоймаларға қант апта сайын жеткізілетінін ескерсек, қант қоры бұдан да көптеу болады. Оның үстіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, «Азық-түлік корпорациясы» акционерлік қоғамы еліміздің әр өңіріне 136 тоннадан қант беріп жатыр. Мұндағы мақсат та сол — қант тапшылығын болдырмау, бағаны тұрақтандыру. Сәуір айында аталған корпорация «Анвар» мен «Дина» сауда желілерімен келісімшартқа отырды. Әрқайсысына 68 тоннадан қант береді. Келісімге сәйкес қанттың келісін320 теңгеден бермек. Қазір жүк пойыздарының тасымал құны да өсті. Сол себепті жол шығыны есептеліп, жеткізілу құны қосылады.Сол бағаға 5 пайыз қосылып, халыққа сатылады.

Қазір облыс бойынша 906 400 адам бар. Ғылыми негіздемеге сүйенген нормаға сәйкес облыс халқының бір жылдағы қантқа деген сұранысы— 163 мың тонна өнім. Әрине, осы 900 мыңнан астам тұрғынның бәрі бірдей қант тұтынбайды. Мұның ішінде дүниеге жаңа келген нәресте де, қант диабетімен ауыратын, яғни қантты мүлде пайдаланбайтын адамдар да бар. Осы 906 400 тұрғынның шамамен 40 пайызы қант тұтынбайды. Ал біз есепті барлық адамға тең есептейміз. Сонда облыс халқының сұранысын өтеу үшін тәулігіне 45 мың тонна қант керек. Осы есеппен алғанда қант қоры жеткілікті.

— Әдетте жаз мезгілінде қант көбірек тұтынылатыны белгілі. Сол кезде қант тапшы болмай ма?

— Былтырғы дәл осы кез бен қазіргі уақытты салыстырғанда өңірдегі қант қоры бірдей. Кешегі дүрмек кезінде халықтың басым бөлігі қантты көп көлемде сатып алды. Яғни біразға жететін қорын алып қойды. Сол себепті қантқа деген сұраныс айтарлықтай көп болмайды деп ойлаймыз.

Наурыздағы дүрмек кезінде бағаны тұрақтандыру үшін «Табыс» базары мен әлеуметтік сауда орындарында қанттың келісін 296 теңгеден де саттық. Кейін бұл жерде де алыпсатарлар іске кіріскені анықталғаннан кейіннарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен түсіріліп сатылды.Кейбіреулер халық қантты бизнес көзіне айналдырып жіберді десе де болады. «Табыс» коммуналдық базарында бейнебақылау тұр. Бір күнде бір адам бірнеше рет алып кеткен жағдай болды. Сосын, амал жоқ, бағаны көтеруге мәжбүр болдық.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар аудандарға өтінім бойынша жіберіледі. Арнайы кесте құрылды. Қазір көкөніске сұраныс бар. Әзірге қантқа тапсырыс жоқ. Аудан орталықтарында әлеуметтік тауарлар сататын 2-3 дүкеннен бар. Жеке кәсіпкерлер өз дүкендеріне осы арзан өнімдерді де сатады. Кешегі наурыздағы дүрмек кезінде де аудандарда қантқа сұраныс болған жоқ. Тіпті облыс орталығынан да тапсырыс қабылданған жоқ.

Ауыл мен қаланы қантпен қамтып отырмыз

Орынбай БОРАНБАЙҰЛЫ, «Ас-Ан» ЖШС директоры:

— 15 жылдан астам уақыттан бері облысқа қант жеткізумен айналысамын. Содан бері келісімшарт негізінде қант жеткізіп беріп отырған көптеген дүкендеріміз бар. Олардың нақты санын айта алмаймын. Ақтөбе қаласының өзінде біздің қантты алатын 500 дүкен бар. Оның ішінде «Анвар» мен «Дина» секілді ірі сауда желілері де қантты бізден алады. Өңірдегі 12 ауданның орталығындағы дүкендердің біразы бізге тапсырыс береді. Олар бізден алған қантты ауылдық округтерге сатады.

Қантты, негізінен, Алматы мен Жамбылдағы зауыттардан тасимын. Ресей қантты экспортқа шығаруға тыйым салғанға дейін арасында сол елден де импорттап жүрдік. Халық қантты жыл-он екі ай тұтынады. Сол себепті төрт мезгілде де, тіпті қыста да сұраныс көп. Жазда, сірә, шырын мен тосап дайындаудың маусымы болғандықтан көбірек әкелеміз.

Апта сайын, ай сайын, жыл сайын қанша көлемде қант әкелінетінін айта алмаймын. Өйткені бұл — коммерциялық құпия. Бізде тонналап бір әкеліп тастап, шетінен соны сату деген ұғым жоқ. Қант жеткізу, оны сату біздің кәсібіміз, кіріс көзі болғандықтан әрі сұраныс жоғары болуы себепті әлсін-әлсін әкелеміз. Қазір де жолда пойызбен қант келе жатыр.

Қанттың көтерме бағасы қымбат

Айгүл КЕҢЕСҚЫЗЫ, «Сапамаркет» супермаркетінің директоры:

— Қантты «Ас-Ан» жауапкершілігі серіктестігінен аламыз. Аталған серіктестікпен келісімшартымыз бар. Дегенмен бізде «Анвар» мен «Динадағыдай» келілеп сататын қант жоқ. Өйткені оның көтерме бағасы қымбат — 518 теңге. Мұны алып сату бізге тиімсіз. Жалпы,арзан бағадағы қантты соңғы рет ақпанның 28-і күні 1 тонна алдық.

Соңғы кезде 25-50 келілік қаптағы қантты өзіміздің тәтті өнімдер өндіретін цехымызға пайдалану үшін ғана алып жүрміз. Оның да әр кезде көтерме бағасы әртүрлі болған. Мысалы, наурыздың 25-і күні 500 теңгеден, сәуірдің 4-і мен 13-і күндері 430 теңгеден («Ас-Ан» кәсіпорнынан), 12 сәуірде 518 теңгеден («Динаның» көтерме сату бөлімінен) алдық.

Дәл қазір супермаркет сөресінде 700 және 800 грамдық қанттар бар. 700 грамдық қанттың бағасы — 345 теңге. Бұл — «Жазықгрупптікі», яғни «Ас-Ан» серіктестігінің арнайы қаптарға салып, сатып жатқан қанты. Ал 800 грамдық қантты алматылық «Мир чай» кәсіпорнының Ақтөбедегі өкілдері жеткізіп береді. Қанттың бұл түрінің бағасы — 485 теңге. «Ас-Ан» кәсіпорны қаптайтын 5 келілік қантты да сатамыз.Оның құны — 2590 теңге. Яғни келісі 518 теңгеге тең.

P.S. Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік маңызы бар тауарлар сататын 3 дүкенге бардық. Дегенмен үшеуінен де қантты таппадық. Сөре бос тұр. Үш дүкендегі сатушының да уәжі бір: «Бітіп қалды. Тапсырыс жібердік». Олардың айтуынша, тұрақтандыру қорынан әкелінетін арзан қант шектеумен беріледі екен. Әр дүкенге бір қаптан жеткізіледі.

Мұның себебін әлеуметтік тауарларды жеткізіп беруге жауапты «ASEСA» ЖШС тұрақтандыру қорының жетекшісі Тимур Биманов алыпсатарлар көбейіп кетпес үшін жасалып жатқан әрекет деп түсіндірді. «Көп көлемде берілсе, арзан қант халық қолына жетпей, араға делдалдар кіріп кетуі мүмкін. Сол себепті қант әр дүкенге бір қаптан, әр тұтынушыға 3 келіден  беріліп жатыр. Қант біткен бойда кәсіпкер сұраныс жібереді. Тапсырысты көп кешіктірмей жеткізіп беруге тырысамыз. Бүгін аталған дүкендерде қант жоқ болса, кешке дейін жеткізіледі», — дейді Тимур Биманов.

P.SS.Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Сағындық Ғұбайдоллаұлының айтуынша, қазір өңірдегі екі қант жеткізуші ірі кәсіпорын «КАИС инвест» және «Фирма Ас-Ан» ЖШС-ларының жұмысы тергеліп жатыр. Тергеу жұмысы аяқталғаннан кейін ресми түрде қорытындысы жарияланады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button